Қытайдың Синьхуа агенттігі Қазақстан Президентінен алған сұхбаттың толық мәтінін жариялады. Онда Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастары, сауда, жасанды интеллект, көлік дәліздері және халықаралық күн тәртібі туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Атап айтқанда, Президент Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және екі елдің осы саладағы ынтымақтастығы туралы сұраққа жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте жүк тасымалы туралы айтып отырғанын атап өтті. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асты. Ал автокөлікпен жүк тасымалдау 8 млн тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 40% жоғары. Жуырда «Арал — Каспий» жаңа магистралінің құрылысы басталды. Бұл жол Шығыстан Батысқа қарай жүк өткізу мүмкіндігін екі есе арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын 5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартады. Сонымен қатар, қазір «Аягөз — Тачэн» бағытындағы теміржол құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба қосымша 20 миллион тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік беретін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастырды. Оған Ляньюньгандағы бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб пен Чэнду қаласында жүк терминалы кіреді. Қазақстан таяу уақытта осы қалада Бас консулдығын ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен, одан әрі Еуропа нарықтарымен жалғайтын біртұтас желі қалыптастырып жатырмыз. Осылайша, Қазақстан Еуразияның көлік-логистика хабына айналуды көздейді. Бұл жүк тасымалының көлемін арттырумен ғана шектелмей, логистика, өңдеу өнеркәсібі, өндіріс, электрондық сауда және заманауи қызмет көрсету салаларын қатар дамытуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, біз транзиттік экономикадан көлік байланысына негізделген экономикаға көшуіміз керек. Түптеп келгенде, басты мақсат — еліміздің бірегей географиялық орналасуын ортақ өркендеуге, өңірлерді дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тиімді пайдалану.
Бұл Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының бір
бағыты. Елдер металлургияны, жасыл энергетиканы, цифрландыруды белсенді
дамытуда. Қытаймен өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы инвестиция көлемі 62
миллиард доллардан асатын 260 жоба жүзеге асырылуда. Ынтымақтастықтың тағы бір
маңызды саласы - өндірісте, медицинада, көлік тасымалы мен қалалық
басқаруда жасанды интеллектіні қолдану. Сонымен қатар, Алматыдағы
«Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумы жаңа жобаларды іске қосу алаңына айналуы
мүмкін, Президент қыркүйектің соңында осы форумға қатысуды жоспарлап отыр.

