Өңірлердің іс жүзіндегі
өзара әріптестігі
Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының дамуына серпін береді. Бұл туралы Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастығының
22-ші форумында айтты. Биыл іс-шара логистикалық экожүйені қалыптастыру
мәселелеріне арналды. Қазақстан мен Ресейдің әлемдегі ең ұзын құрлықтағы үздіксіз шекарасы бар, сондықтан бұл
сала экономикалық көрсеткіштердің
жалпы өсуін ескере отырып, өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер
ашатыны түсінікті. Мәселен, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 28 миллиард
долларға жақындады. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш сәйкес кезеңмен салыстырғанда
тағы 10% -ға өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген
инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни, бес айдағы көлемі 773 миллион
долларды құрады. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан
асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар
орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның
жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылды.
Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол
көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Соңғы 5
жылда Қытай – Ресей арасындағы Қазақстан территориясынан өткен тасымалдың
көлемі 8 есе артты. Президент Қазақстанда Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға
айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы
едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконструкция
дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Қолданыстағы
цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін
пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп
бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді
интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара
сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық
байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бастама Астана мен шекаралас Ресей қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ашуды көздейді. Мемлекет басшысы Росатом бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен салынатын Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына жеке тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатының көрсеткіші деп атады. Ол, сондай-ақ ғарыш саласын өзара іс-қимылдың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин
сауда және логистика саласындағы сандық жобалармен танысты. Атап айтқанда,
президенттерге сауда айналымының ашықтығына бағытталған тауарларды цифрлық
таңбалау жүйесі - Smart Cargo платформасы, көлік ағындарын талдауға арналған AI
Jol жобалары ұсынылды.

