ТМД миссиясы Құрылтай сайлауын әділ және ашық деп таныды

ТМД миссиясы Құрылтай сайлауын әділ және ашық деп таныды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын әділ, бәсекелі әрі ашық өтті деп таныды. Олардың айтуынша, дауыс беру барысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және Қазақстанның сайлау заңнамасына толық сәйкес өтті. Миссия басшысы Игорь Петришенконың сөзінше, сайлау учаскелері уақытында ашылып, дауыс беру мен оларды санау үдерісі тыныш әрі қолайлы жағдайда өткен.

Игорь Петришенко, ТМД байқаушылары миссиясының басшысы:


 - Сайлау күні 2026 жылғы 23 тамызда миссия өкілдері Қазақстан Республикасының 14 өңіріндегі 900-ден астам сайлау учаскесінде болды, сондай-ақ шетелдік учаскелерде бақылау жүргізді, миссия мүшелерінің ақпараты бойынша сайлау учаскелері белгіленген уақытында ашылды, дауыс беру ұйымдасқан түрде, бейбіт әрі тілектестік рухында өтті, дауыс санау рәсімі конституциялық заңға сәйкес орындалды. Сайлау нәтижесіне әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.


Байқаушылар: Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды


Өзге елдердің сайлау органдарының өкілдері де дауыс беру барысына қатысты пікрлерімен бөлісті. Халықаралық байқаушылар сайлау учаскелерінде белгіленген рәсімдердің сақталуын және азаматтардың сайлауға қатысуы үшін тиісті жағдайлардың жасалуын қадағалады. Олар сайлау комиссияларының жұмысына, сайлаушылармен өзара іс-қимыл мен азаматтардың құқықтарының сақталуына ерекше назар аударды. Дауыс беру барысын бақылаған Пәкістан мен Тәжікстан өкілдерінің айтуынша, сайлау барысында азаматтардың еркін таңдауына әсер ететіндей заңбұзушылықтар тіркелмеген.


Сикандар Сұлтан Раджа, Пәкістанның бас сайлау комиссары:


- Біз сайлау процесі жақсы ұйымдастырылған және жүйелі түрде өтті деп есептейміз. Біз сайлау органдарының, әсіресе Орталық сайлау комиссиясының құрметті Төрағасының, сайлау учаскелері қызметкерлерінің және сайлаушыларға жәрдемдескен және сайлау процесін ұйымдасқан түрде өткізуді қамтамасыз еткен барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Бүкіл процесс байыпты әрі үйлесімді өтті.


Бахтиёр Худоёрзода Тәжікстанның сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы:


- Сайлау комиссияларының қызметі жариялылық пен ашықтық қағидаттарына сай келді, сайлаушылар өз таңдауын жасау құқығын еркін жүзеге асырды. Біз дауыс беру барысында сайлаушылардың өз қалауымен дауыс беруіне ықпал ететін заң бұзушылықтарды анықтамадық. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?