Қазақстанның
бір палаталы Құрылтайға көшуі шешім қабылдауды жеделдетуге және бюрократиялық
рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ,
біздің еліміздің Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық ойыншылардың бірі
ретіндегі орнын нығайтады, Бұл туралы Club of Brussels талдау
орталығының жетекшісі Мишель Де Кемметтер мәлімдеді. Сарапшы жаһандық
сын-қатерлер жағдайында ғылым, білім беру, озық зерттеулер
және жаңа мамандықтар үшін кадр даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап
өтті. Оның пікірінше, жастардың әлеуеті Қазақстанға
табысты дамуға айтарлықтай
артықшылық беріп отыр.
Мишель Де Кеметтер, Club Of Brussels Сараптамалық
орталығының жетекшісі:
- Қос палаталы жүйеден бір палаталы жүйеге өту заң шығару
процесін әлдеқайда жылдам әрі тиімді етеді. Барлығы баяу әрі бюрократиялы
жүретін екі палатамен салыстырғанда, бұл нағыз дұрыс қадам. Сондықтан
Қазақстанның бүгінде тек өрлеп келе жатқан державаға ғана емес, бүкіл Азия мен
әлемдегі негізгі стратегиялық ойыншыға айналуға мүмкіндігі бар. Жалпы Еуропаға халықтың басым
бөлігін қайта оқытуға тура келеді, ал Қазақстан — жас әрі қарқынды ел, ол
көптеген мемлекеттерге үлгі бола алады.
Өз кезегінде, АҚШ-тың Каспий саяси орталығы
консультативтік кеңесінің мүшесі Ричард Спунер Қазақстандағы саяси реформалар
шешім қабылдаудың ашықтығын ғана емес, саяси партиялардың жауапкершілігін де
арттырады деп есептейді. Оның пікірінше, бір палаталы Құрылтай елдің біртұтас
құрылымына сәйкес келеді және заңнамалық жүйені анағұрлым тиімді етуге
мүмкіндік береді.
Ричард Спунер, АҚШ Каспий саяси орталығы консультативтік кеңесінің мүшесі
- Жалпы, мұндай модель тиімді деп есептеймін. Мен бұл
мәселені зерттедім. Бір палаталы парламенттердің ең табысты үлгісі Сингапур мен
скандинавиялық елдерге тән. Еуропада Данияны өте тиімді заңнамалық жүйесі бар
мемлекет ретінде мысалға келтіреді. Сондай-ақ, табысты мысалдарғ қатарына Австралия
мен Жаңа Зеландия жатады.

