Алда өтетін Құрылтай сайлауын халықаралық қауымдастық Қазақстандағы саяси
жаңғырудың маңызды кезеңі әрі елдегі жаңа конституциялық жүйенің алғашқы
практикалық сынағы ретінде қабылдап отыр. Қазақстандық ішкі және сыртқы саясат
жөніндегі сарапшы Исатай Мінуаровтың пікірінше, шетелдік серіктестердің бұл
саяси оқиғаға деген қызығушылығы әртүрлі. Халықаралық ұйымдар, ең алдымен,
сайлау үдерісін – үгіт-насихат науқанының өтуін, дауыс беруді ұйымдастыруды
және дауыстарды санауды бақыламақ. Олар үшін жаңа жүйенің бір палаталы
Парламенттің тиімді әрі өкілді жұмысын қаншалықты қамтамасыз ете алатыны да
маңызды көрсеткіш болмақ. Ал Қазақстанмен серіктес мемлекеттер үшін тұрақтылық,
сабақтастық және жаңа институттардың одан әрі жұмыс істеуі басты назарда
болады. Бұл ретте, әсіресе бизнес пен шетелдік инвесторлар үшін жаңа
нормалардың жүйелі әрі бірізді қолданылуы негізгі факторға айналады.
Исатай Мінуаров, ҚР Ішкі және сыртқы саясат жөніндегі
сарапшысы,
әлеуметтанушы:
- Қазақстан энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, көлік
және дипломатия салаларындағы маңызды серіктес болғандықтан, шетелдік
әріптестер үшін ұзақ мерзімді ынтымақтастық қажет, ол үшін тұрақты және
болжамды саяси жүйенің маңызы зор. Бұл жаңа парламентке мемлекеттің одан ары
дамуы мен тиімді қызметін қамтамасыз етуде маңызды міндет жүктейді. Осы сайлау
әлем жұртшылығына Қазақстанның ішкі тұрақтылығын сақтай отырып, көп векторлы
сыртқы саясатын жалғастыру қабілетін, әрі өзінің саяси институттарын қай
бағытта жаңартуға ниетті екенін көрсетеді.

