Шетелдегі барлық 79 сайлау учаскесі өз жұмысын аяқтады.
Бүгін Астана уақытымен таңғы 8-де АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы
Қазақстанның Бас консулдығы жанындағы соңғы сайлау учаскесі жабылды. Бұған
дейін Вашингтон мен Нью-Йоркте, сондай-ақ Еуропада – Ұлыбритания мен
Финляндияда тұратын отандастарымыз өз таңдауын жасады. Еске сала кетейік,
Қазақстаннан тыс жерлерде барлығы 61 елде сайлау учаскелері ашылды.
Айман Ысқақова, Калифорния университетінің студенті:
- Шетелде жүрсемде еліміздегі маңызды іс-шаралардан тыс
қалмауға тырысамын. Осындай маңызды іс-шаралар өтіп жатқан кезде әрқайсымыз, өз
азаматтық борышымызды көрсетуге дайын болуымыз керек. Сан-Францискідегі осы
сайлау учаскесіне келіп, азаматтық ұстанымымды көрсетуге келіп отырмын.
Зулфия Құрманбекова, Филология ғылымдарының
қауымдастырылған профессоры:
– Шетелде жүргеніме қарамастан, өз елімдегі өзгерістерге бейжай қарамаймын. Бүгін Вашиенгтондағы Қазақстанның елшілігіне келіп, өз азаматтық құқығымды пайдаланып, өз таңдауымды жасадым. Әрбір Қазақстан азаматы үшін азаматтық өз таңдауын білдіру бұл біздің жауапкершілігіміз.
Еске сала кетейік, кеше алғашқылардың бірі болып Корея Республикасында, Жапонияда, Қытайда,
Сингапурда, Малайзияда, Моңғолияда, Индонезияда, Таиландта және Вьетнамда
жүрген қазақстандықтар дауыс берді. Одан кейін бұл үрдіске Австрия, Бельгия,
Германия, Испания, Италия, Венгрия, Словакия, Франция, Швейцария және
Португалиядағы сайлау учаскелері қосылды. Жалпы, Қазақстанның Орталық сайлау
комиссиясының мәліметінше, шетелдегі сайлаушылар тізіміне 11 мыңнан астам
азамат енгізілген.

