Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясы президенті болып сайлануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы абыройы артып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары қазақстандық шахмат мектебі қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінде бұл спорт түрімен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады. Жақында Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олипиадасында әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерге де тоқталды. Ол құрама команданың әзірлігін күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды. Кездесуде Қазақстанның FIDE-мен ынтымақтастығы да талқыланды. Тараптар жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және елімізде ірі халықаралық жарыстар өткізу мәселелерін сөз етті. Өз кезегінде Тимур Турлов мемлекет басшысына қолдауы үшін алғыс білдіріп, шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтамақтастықты нығайту және ұлттық шахмат федерациясының қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру жөнінде мәлімет берді.

