Қазақстан Президенті
Орталық Азия мен Әзірбайжан мемлекет басшыларының бейресми консультативтік
кездесуіне қатысу үшін бүгін Чолпон-Атаға келді. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда
Министрлер кабинетінің төрағасы - Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек
Қасымалиев қарсы алды.
Орталық Азия мен
Әзірбайжан көшбасшыларының бейресми кездесуі өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға
және болашақ көпжақты әріптестікті айқындауға арналды. Қазақстан Президенті өз сөзінде
барлық деңгейдегі байланыстың жандануы
тұтас аймақтың өркендеуі жолында мемлекеттеріміздің жасампаз ықпалдастыққа
ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.
Мұның жемісі анық - Орталық Азия қазір тарихтағы ең табысты кезеңін бастан
кешіп жатыр. Жаһандық үдерістердегі өңірдің рөлі артуда. Оның бір дәлелі -
Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл орайда «ХХІ ғасырда Орталық
Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы
шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуы айтулы жетістік болды. Аталған тарихи
құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды.
Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ
жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың «саяси арқауын»
қалыптастырады.
Қасым-Жомарт
Тоқаев Түрікменстан Президентіне Шартқа қосылғаны үшін алғыс айтты. Мемлекет
басшысының пікірінше, келесі кезең құжаттың ережелерін іске асыруға бағытталуы тиіс.
Ол үшін Алдағы іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Әзірбайжанның Консультативтік
кездесулердің толыққанды қатысушысы ретінде қосылуы осы форматтың
эволюциясындағы
жаңа белес болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға, және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы ықпалдастықтың барлық негізгі мәселесі
былтыр Ташкентте өткен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті. Айтылған
ұсыныстар, оның ішінде Консультативтік кездесулерді дамыту жөніндегі бастамалар
әлі де өзекті. Қазақстан қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанады және елдер
арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі ілгерілетуге бейіл. Орталық Азия
мен Әзірбайжан мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуінің
қорытындысы бойынша Чолпон-Ата декларациясы қабылданды.

