Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы Handelsblatt жетекші неміс басылымында жарық көрді. Президент атап өткендей, 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің берік іргесін қалады. Сындарлы саяси диалог орнап, уағдаластықтар дәйекті түрде жүзеге асып келеді. Қазақстан үшін Германия жай ғана басты сауда серіктесі әрі ірі инвестор емес. Тараптардың экономикалық мүдделері ұқсас әрі екі ел де халықаралық құқықтың сақталуына әрқашан бейіл. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі 9 млрд долларға жуықтады. Президент одан әрі өсу әлеуетін қазақстандық экспортты әртараптандырумен байланыстырады. Қазақстан Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе алады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында Германияға сапарының стратегиялық әріптестіктің жаңа тарауын ашуға мүмкіндік беретінін атап өткен. Астана Берлинге көлік-логистика, цифрландыру, стратегиялық маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастық ұсынады. Біздің еліміз қазірдің өзінде Еуропа экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта қадеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Байланыстарымыздың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Қазақстан Еуропаға тұрақты түрде энергия ресурстарын жеткізуші ел ретінде сенімге ие болды. Еуропа Одағына импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты. Біз көлік тасымалы мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл міндетті одан әрі жауапкершілікпен атқаруға әзірміз.

