Қазақстан Үкіметі «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасы аясында жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 260-тан астам инфрақұрылымдық жобаны мақұлдады. 370 миллиард теңгеге жуық қаржы жолдар, көпірлер және көлік нысандарының құрылысына бағытталады. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға, соның ішінде су құбырларын, бөгеттер мен су қоймаларын салуға 285 миллиард теңге бөлінеді. Жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамытуға арналған 67 жобаны іске асыруға 136 миллиард теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, спорт кешендерін, мәдениет сарайлары мен театрларды салуға шамамен 270 миллиард теңге, мектептер мен өзге де білім беру нысандарына 100 миллиард теңгеден астам қаржы көзделген. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағытталады.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Құрылыс жүріп жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамына бірқатар салалық ведомства басшылары, Құрылтай мен мәслихат депуттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және журналистер кіреді.

