Халықаралық байқаушылар сайлаудың ұйымдастырылуын жоғары бағалады

Халықаралық байқаушылар сайлаудың ұйымдастырылуын жоғары бағалады

Ашықтық пен қолжетімділік.  Бұл Алматыдағы Құрылтай сайлауындағы дауыс беру үрдісіне халықаралық байқаушылардың берген бағасы. Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының мүшелері сайлаудың барлық кезеңін қадағалады. Олар сайлау учаскелерінің ашылуына қатысып, комиссиялардың жұмысын және дауыстарды санау барысын бақылаған. Сарапшылар сайлаушылар ерікті таңдау жасау үшін жасалған жағдайларға назар аударды. Әсіресе сайлау науқанының ашықтығын, учаскелердің дайындығын және мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылғанын жоғары бағалады.


Хикмат Мамедов, ТҮРКПА миссиясының байқаушысы, Әзірбайжан Милли меджлисінің депутаты:


– Біз Құрылтай сайлауы аясында барлығы 6 сайлау учаскесінде болдық. Ешқандай заңбұзушылықты байқамадық. Дауыс беру барысы барлық талаптарға сай өтті. Сайлаушылардың ел үшін маңызды науқанға қатысу көрсеткіші де қалыпты болды. Азаматтар еш кедергісіз және еркін таңдау жасау үшін барлық жағдайлар жасалғанын көрдік. Қзақстандағы демократиялық үдерістердің дамуы да көңіл көншітеді. Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген барлық саяси партия қатысты.


ТМД миссиясының байқаушысы да сайлау учаскелерінің техникалық тұрғыдан жақсы жабдықталғанын және рәсімдердің ашық жүргізілгенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол дауыс беру кезінде учаскелерде қалыптасқан жылы ахуалға назар аударды.


Владимир Плякин, ТМД миссиясының байқаушысы:

– Дауыс беру барысында байқаған ерекше бір жайтты атап өткім келеді.  Ол – сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлаушыларға деген ізгі қарым-қатынасы. Өйткені мұндай жағдай әрдайым кездесе бермейді. Ал сайлау дегеніміз – екіжақты қозғалыс сияқты. Бір жағында – дауыс берілетін кандидаттар болса, екінші жағында – өз таңдауын жасайтын сайлаушылар. Сайлаушы ел үшін маңызды саяси науқанға бейжай қарамай өз азаматтық ұстанымын танытады. Сол үшін уақыт бөліп, арнайы келеді. Сондықтан оны сайлау учаскесінде қалай қарсы алынатыны да өте маңызды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?