E-Densaulyq бірыңғай экожүйесі 20-дан астам мемлекеттік
медициналық ақпараттық жүйені біріктіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің
мәліметінше, сәуір айынан бастап медициналық деректердің цифрлық қоймасы
пилоттық жобасы іске қосылды. Енді пациентке бір ақпаратты әр барған сайын
қайта хабарлаудың қажеті жоқ. Медициналық деректер жүйеде бір рет тіркеліп,
тұрақты түрде сақталады. Емханалардың жұмыс тәсілдері де өзгеріп жатыр.
Терапевт пен педиатр қабылдауына азаматтардың өз бетінше жазылу үлесі үш еседен
астам өсіп, 73% жетті. Ал бейінді мамандарға жазылу көрсеткіші 66% дейін
артқан. Қабылдауға 60 күнге дейін алдын ала жазылуға болады. Бұдан бөлек,
медициналық анықтаманың 13 түрі сандық форматқа көшірілді. Екі жыл ішінде 680
жедел медициналық көмек кабинеті ашылып, мыңға жуық мобильді бригада
жасақталды. Бұл емханалар мен жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктемені
азайтады.
Гүлнар Сәрсенбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
- Дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін мейіргер қабылдауы енгізілді.
Кеңейтілген практикадағы мейіргерлер өз учаскесіне тіркелген тұрғындарды жақсы
біледі. Медицина қызметкерлерінің өкілеттіктері шегінде жекелеген медициналық
рәсімдерді орындайды, медициналық құжаттарды ресімдейді және созылмалы аурулары
бар пациенттерді бақылауға қатысады. Осыған сәйкес олар қабылдауды жоспарлап, пациенттерге хабарласады.

