Әйгілі кино майталманы Джеки Чанның «Құдіретті сауыт. Ультиматум» фильмінің Қазақстандағы түсірілімі аяқталды. Халықаралық туындының бірқатар бөлігі Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында және Алматы облысында таспаланған. Жобаға қазақстандық кино мамандары қатысты. Бұл Salem Entertainment компаниясының алғашқы халықаралық жұмысы. Сала сарапшылары бұл фильм еліміздің халықаралық кино түсіру мүмкіндігін танытып, шетелдік кинематографистермен бірлескен жұмыс бағытын дамытуға жол ашатынын атап өтті. Джеки Чан түсірілім алаңындағы жұмысты жоғары бағалады. Оның айтуынша, отандық продюсерлік топ кәсіби шеберлік танытқан.
Джеки Чан, режиссёр, актёр:
- Шын жүректен айта аламын: бұл менің өмірімде бірге жұмыс істеген ең үздік түсірілім командаларының бірі. Өз тәжірибемде Қытайдан немесе Гонконгтан тыс жерлерде, басқа елде, басқа қалада жұмыс жасағанда, өзге мемлекет қаншалықты көмектессе де, жұмыс барысында әйтеуір қандай да бір мәселенің туындауы заңдылық еді. Бірақ Қазақстандағы түсірілім кезінде бізде айтарлықтай мәселе болған жоқ, жұмыс барысы жоғары кәсіби деңгейде жүргізілді.

