Цифрлық технологиялар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында белсенді пайдаланылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салаға заманауи шешімдер енгізілуде. Олар жердің жай-күйін бақылауға, мал басын есепке алуға көмектеседі, сонымен қатар, аграрийлер жасанды интеллект көмегімен өнімділікті болжап, өз тәуекелдерін басқара алады. Нәтиже анық. Еліміздің батысында астық жинау науқаны аясында әр гектардан 70 центнерге дейін бидай жиналады. Егіс науқанынан астық жинауға дейінгі барлық кезеңдерді сандық жүйе бақылайды. Ол нақты уақыт режимінде алқаптардың жай-күйін, тыңайтқыш көлемін және ауа райын талдап, тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Барлық деректер мобильді қосымшада қолжетімді, сондықтан жағдайды тікелей смартфоннан бақылауға болады.
Армат Бисенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Бізде барлық алқаптар цифрландырылған. Бізге әр деректі өзгертудің, түзетудің қажеті жоқ. Химия бойынша жұмыс та жазылады, тыңайтқыштар, оны себу нормалары да, бәрін бақылаймыз. Оның үстіне біз алдын ала болжамды өнім көлемін көріп отырамыз.
Жасұлан Халиуллин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бұл технология біздің өңірде тиімді пайдаланылуда. Айта кетейік, бұндай GrowSafe дейтін қондырғы республика бойынша тек 4 шаруашылықта және біздің өңірімізде орналасқан ауылшаруашылық университетінде бар. GPS трекерлерін 330-дан астам шаруа қожалығы пайдаланса, дрон арқылы жылқыны, малды қайыру мақсатында 22 дрон ауыл шаруашылығы құрылымдарында пайдаланылуда.
Цифрлық шешімдер мал шаруашылығына да енгізілуде. Осындай жүйелермен техника сатып алатын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көзделген. Сатып алу шығындарының бір бөлігі субсидияланады. Бұл шаруаларға шығындарын қысқартып, техникалық паркін жаңартуға көмектеседі.

