Қазақстанның БРИКС-ҚА мүше елдермен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтады

Қазақстанның БРИКС-ҚА мүше елдермен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтады

Қазақстан Президенті Нью-Делиде «БРИКС плюс» саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «аутрич» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Мемлекет басшысының айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ІЖӨ 40% беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты. Ол геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, сондай-ақ сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болғанын алға тартты. Бұл үрдіс биыл жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика зиян шекті. Бұл әлемдік ІЖӨ 10% парапар. Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет.

Жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді. Алайда бұл Ұйымға балама жоқ, деп атап өтті Президент. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – біздің бұлжымас ұстанымымыз. Бұл Қазақстанның барлық серіктестермен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді.   

Былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтады. Біздің ел бірлестік мемлекеттерімен сауда-саттық байланыстарын әртараптандыруға ниетті. Қазақстан ЕАЭО-тың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Президент жаңа даму банкіне БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бойынша ұлттық орталықтарды біріктіру және ғылыми жобаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ, еліміздің бастамасымен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультацияларға қосылуға шақырды. Сөз соңында Президент Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайтынын айтты.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?