Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға Үкіметпен бірлесіп, жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, құжатты әзірлеу жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Президент қолданыстағы кодекстің ескіргенін атап өтті. Ол осыдан 30 жыл бұрын қабылданып, нарықтық экономиканың негізін қалады, меншік құқығын қорғауды бекітіп, азаматтық-құқықтық қатынастардың ережелерін айқындады. Дейтұра тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы айтарлықтай өзгерді. Цифрлық қызметтер, жаңа технологиялар мен бизнесті жүргізудің заманауи тәсілдері пайда болды. Мұның бәрі құқықтық нормаларды жаңартуды талап етеді.
Сандуғаш Дарханова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің аға оқытушысы:
– Менің ойымша, Президент Жолдауы барша Қазақстан халқы үшін айрықша маңызды болды. Онда көтерілген негізгі мәселелердің бірі –жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу. Дамуға ұмтылып, алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырған ел ретінде біз корпоративтік қатынастарды да дамытуымыз керек. Қазіргі таңда цифрлық шарттар мен цифрлық мәмілелерді заңнамада қарастыру аса маңызды. Бұл еліміздің ішкі және халықаралық деңгейдегі экономикалық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

