Қазақстанда заманауи суару жүйелерін қолдану артқан. Бүгінде су үнемдеу технологиялары еліміздің барлық суармалы алқаптарының 36%-ында пайдаланылады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, тамшылатып суару көш бастап тұр. Үш жыл ішінде оның аумағы 6 есеге артып, 254 мың гектарға дейін өсті. Жаңбырлатып суару тағы 379 мың гектарда қолданылады. Мұндай технологиялар су шығынының үштен бірін қысқартқан. Оларды Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстары белсенді енгізуде. Сонымен қатар, отандық жабдықтар өндірісі жолға қойылған. Екі жыл ішінде суару құралдарын шығаратын зауыттар саны 4-тен 7-ге дейін артты. Олар ішкі сұранысты толығымен қамтиды. Озық суару тәсілдеріне көшуді жеделдету үшін мемлекет фермерлерді қолдау шараларын арттырған. Су үнемдеу технологияларын инвестициялық субсидиялауға 3 жылға 214 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда шамамен төрт есе көп.
Талғат Момышев, ҚР Су ресурсттары және ирригация вице-министрі:
– Қазақстан халқына Жолдауында Президент жыл сайын кемінде 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде тапсырма берді. Бұл соңғы 3 жылда осы жұмыс бойынша жақсы қарқын алды. 2023 жылдан бұл көрсеткіш 30 мың гектар болған. Ал 2024 жылдан бұл көрсеткіш 150 мың гектарға жетті. Ендігі мақсат 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 1,3 млн гектарға жеткізу, сонымен қатар 2,2 млрд текше метр суды үнемдеу жоспарланып отыр.

