Қазақстан Президенті Халықаралық баскетбол федерациясының президентін қабылдады

Қазақстан Президенті Халықаралық баскетбол федерациясының президентін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының президенті Сауд Али Әл-Тәнимен кездесу өткізді. Тараптар бұқаралық және кәсіпқой баскетболды ілгерілетуге, спорттық резерв даярлауға, бірлескен жобаларды іске асыруға айрықша назар аударды. Қазақстан Президенті елімізде келешегі зор бағыт ретінде 3×3 форматындағы баскетболға қызығушылық арта бастағанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев федерацияның отандық баскетболға көрсеткен қолдауын жоғары бағалады. Өз кезегінде федерация президенті Мемлекет басшысына елімізде аталған спорт түріне қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Ұйымның баскетболды одан әрі дәріптеуге бағытталған жоспарымен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы баскетболды дамытуға үлес қосқаны үшін шейх Сауд Али Әл-Тәниді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Мен Сізбен Астанада жүздескеніме өте қуаныштымын және Сіздің сапарыңыз ұлттық федерациямыздың және жалпы Қазақстанның FIBA-мен ынтымақтастығын нығайта түсуі үшін зор маңызға ие екеніне сенімдімін. Биыл Қазақстанда отандық баскетболдың 100 жылдығы. Біз баскетболды жаңа, жоғары деңгейге шығарғымыз келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның әлемдік федерациямен өзара байланысын тереңдетуге ниетті екенін тағы да атап өткім келеді.


Сауд Али Әл-Тәни, Халықаралық баскетбол федерациясының президенті:

- Әрине, Қазақстан федерация үшін маңызды рөл атқарады, Азия құрлығындағы баскетбол дамыған елдердің бірі. Мұнда өз ісіне берілген, өте белсенді адамдар еңбек етеді. Олар баскетболды дамыту үшін бар күш-жігерін салып жатыр. Көп нәрсе спортшылардың буынына және нақты бір кезеңге байланысты. Федерацияның 100 жылдығын атап өту шарасына қатысып, осы тамаша елге қайта келгеніме қуаныштымын.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?