Қазақстан кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер кеңінен
қолданылатын «ақылды шекара» моделін дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл туралы Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы
Иэн Сондерспен кездесуде айтты. Президент Қазақстан Еуразиядағы көлік қатынасын
нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға көп күш-жігер жұмсап
жатқанын айтты. Өз кезегінде Иэн Сондерс еліміз кедендік әкімшілендіру ісін
жетілдіруде және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде елеулі табысқа жеткеніне
тоқталды. Бұдан бөлек, тараптар әлемдік саудадағы сын-қатерлер мен үдерістер
жайында пікір алмасып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық
Азия өңірінің көлік-логистика әлеуетін арттыру перспективасына айрықша назар
аударды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестік пен достық
байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Иэн Сондерсті II дәрежелі «Достық»
орденімен марапаттады.

