Қазақстан мен Белгияның екіжақты серіктестігінің жаңа кезеңі. Ақордада Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл Белгия монархтарының елімізге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемлекеттік Туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті. Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президенттік оркестр екі елдің әнұрандарын орындады.
Елдер арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен құрметке негізделген тығыз байланыс жолға қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, үздіксіз саяси диалог ынтымақтастықтың берік тұғыры іспеттес. Мемлекет басшысы Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске алатынын және биыл маусым айында Бельгияда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізу кезінде серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растағанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз.
Өз кезегінде Король Филипп пен Патшайым Матильда еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарына және Қазақстанның халықаралық аренадағы биік абырой-беделіне арнайы тоқталды.
Филип, бельгиялықтар Королі:
– Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Бельгияны Еуропадағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Аталған ел отандық экономикаға қаржы құйған ең ірі он инвестордың бірі. Мұны Қазақстан экономикасының келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі деп бағалаймын, – деді Президент. Сондай-ақ, тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, АӨК және жасанды интеллект салалары бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ, Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз.
Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының сапары барысында Ректорлар форумы, сондайақ бірқатар келісімге қол қою жоспарланып отырған, аса маңызды минералдар бойынша дөңгелек үстел өтеді. Монархтар елордамен қатар Алматыға барады.

