Орталық Азия елдері мен Қытай «жасыл» пайдалы қазбаларды
өндіру бойынша күш біріктіруге ниетті. Осындай ынтымақтастыққа бағытталған
Альянс құру туралы ұсыныс Астанадағы түсті металлургияны тұрақты дамыту
жөніндегі Қазақстан-Қытай форумында айтылды. Оған қатысу үшін Аспан асты елінен
3 мыңнан астам өнеркәсіп өкілдері келді. Қазақстандық тараппен бірге олар
тау-кен металлургия саласындағы жобаларды іске қосуды, инвестициялық
бастамаларды талқылады және B2B-келіссөздер жүргізді. Форумда Қазақстанның бай
минералдық-шикізат базасы мен Қытайдың технологиялық әлеуеті өзара тиімді
ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Цзя Минсин, Қытай Түсті металлургия қауымдастығы
төрағасының орынбасары, Қытай:
- 2005 жылы мен Қазақстанға алғаш рет сапармен келдім,
содан бері біз сіздердің елдеріңізбен түсті металлургияны дамытуға мүдделіміз,
өйткені Қазақстанның мыс, мырыш, алюминий бойынша Орталық Азиядағы ең үлкен кен
орындары бар, ал біз өз кезегінде осы металдарды терең өңдеуге арналған озық
технологияларды, жабдықтарды ұсына аламыз.
Еліміздің тау-кен металлургия кешенінің 50-ге жуық
кәсіпорнын жаңғыртуға 500 миллионнан астам доллар тарту жоспарланып отыр. Бұл
үшін арнайы инвестициялық өтінімдер берілді. Бағалы металл өндірушілер
қауымдастығында қос тарап бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыруға кіріскен.
Қанат Баитов, Бағалы металл өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:
- Үлкен мәміле - бұл «RG Gold» бойынша, ол - әлемдік үшінші
ірі компания, олар үлкен жұмыс жүргізуде. Инвестициялық жоба іске асырылады,
жаңа фабрика салынады, өндіріс ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Оған қоса,
қазір жаңадан барлауға, өндіруге кірісіп жатқан кіретін компаниялар өте көп.
Біздің қазақстандық компаниялар оларды стратегиялық серіктес ретінде қарастырып,
жаңа шағын кен орындарын дамыта бастады.

