Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы биылғы жеті айда 300 мың доллардан асты. Бізден аталған мемлекет нарығына көлік бөлшектері, электр құрылғылары мен пластмасса бұйымдары жөнелтіледі. Яғни, 92 мың доллар отандық экспортқа тиесілі. Ал 213 мың долларға жуығын импорт құраған. Оның үлесі 2 есеге артқаны байқалады. Ал Араб түбегіндегі мемлекетен елімізге парфюмерия және косметика, сондай-ақ мыс кені мен концентраттар жеткізіледі. Сарапшылар екі елдің экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті қазіргі сауда көлемінен әлдеқайда жоғары деп санайды. 2005 жылдан бері Оманнан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 253 млн доллардан асты. Оман капиталының дені мұнай-газ саласына бағытталған. Тараптар іскерлік байланыстарды жандандырып, өзара алыс-беріс көлемін ұлғайтуға ниетті. Қазақстан ендігі кезекте Оман нарығына отандық ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін шығаруды көздеп отыр.
Әлішер Базарбаев, Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығы директорының орынбарасы:
– Қазақстан Оман нарығына астық, ұн, ет және басқада өнімдер экспортын арттыра алады. Бұдан бөлек, қазір бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін екіжақты кешенді шаралар қолға алынған. Бұл ретте қос ел үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, бірлескен іскерлік кеңес пен институционалдық қор құру мәселесін талқылап жатыр. Мәселен, Оман порттары Қазақстанға Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты нарықтарына шығуға қосымша мүмкіндік береді. Қазақстан , Түркменістан және Иран арқылы өтіп, одан әрі теңіз порттарына шығу әлеуетті бағыттардың бірі.

