Қазақстан мен Камбоджа ынтымақтастық туралы алты құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Камбоджа ынтымақтастық туралы алты құжатқа қол қойды

Ақордада өткен демалыс күндері Камбоджа Премьер-министрін қарсы алу рәсімі өтті. Хун Манет Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды қарсы алған Қазақстан Президенті бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға жол ашатынын және ортақ ниетті нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толғанын атап өтті. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады. Екі ел халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктерінің қызметі аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойған. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниетті, әрі жоғары технологиялар саласында да айтарлықтай ортақ әлеуетті көріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз.

Камбоджаны Қазақстанның электрондық үкімет және АІ енгізу саласындағы озық тәжірибесі қызықтырады. Сондай-ақ, Премьер-министр Хун Манет энергетика, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету әлеуетін атап өтті. Мәртебелі мейман екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың айрықша сипатына назар аударды.

Хун Манет, Камбоджа Премьер-Министрі:

- Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-Министрінің қатысуымен алты үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасу рәсімі өтті. GovTech-тегі ынтымақтастықпен қатар, елдер өзара сауданы дамытуға және туристер тартуға келісті. Сонымен қатар, Астана мен Камбоджаның елордасы - Пномпень бауырлас қалалар атанды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?