Қазақстан – Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі. Бұл туралы Еуропалық кеңес президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Мэрилин Джозефсон мәлімдеді. Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар сауда, көлік, цифрлық технологиялар, туризм және гуманитарлық алмасу салаларына назар аударды.
Мэрилин Джозефсон, Еуропалық Кеңес президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі:
- Қазақстан Республика күні мерекесін атап өтіп, тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жылдағы даму қорытындысын шығаруда. Осы кезеңде ел экономика, көлік, цифрлық байланыс және басқа да салаларда қарқынды дамыды. Бұл жетістіктер Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы белсенді өзара байланыстан да көрініс табады. Қазір бұл ынтымақтастық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған сапары барысында қол жеткізілді. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктес болып отыр. Сондай-ақ, өңір шеңберінен тыс жерлерде де бейбітшілік пен өркендеуге бағытталған әріптестікті нығайтуға ықпал етіп келеді.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич те кәрі құрлық ұйымы Қазақстанның сыртқы саясатын және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Дипломат әлемдік саясаттағы орта державалардың рөліне ерекше тоқталды. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олардың халықаралық аренадағы рөлін күшейту қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Елшінің сөзінше, Брюссель де бұл ұстанымды қолдайды. Еуропалық дипломат Астананың халықаралық байланыстарды дамыту қарқыны жоғары екенін де тілге тиек етті.
Алешка Симкич, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі:
- Кейде Қазақстанның осыншама көп елмен халықаралық байланысты қалай қатар алып жүретініне таңғалам. Ел басшылығының шетелге жиі сапарлап, шетелдік делегацияларды белсенді түрде қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Мұнда жұмыс істеген екі жыл ішінде Астана мен Алматыға, соның ішінде Еуропа елдерінен көптеген жоғары деңгейдегі делегациялар келді. Бұл Қазақстанның достыққа негізделген сыртқы саясатының арқасында әлемде маңызды орынға ие екенін көрсетеді.

