Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласындағы серіктестік әлеуетін зерттеуде. Астана қосылған құны жоғары өнімдер мен металдар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретін еуропалық технологияларды тартуға мүдделі. Nazarbayev University-де Бельгия Королінің мемлекеттік сапарына орайластырылған семинар ұйымдастырылып, өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Кездесу екі елдің мемлекеттік органдарының, өнеркәсіп компаниялары мен ғылыми ұйымдарының өкілдерін біріктірді. Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібековтың айтуынша, республика Еуроодаққа қажетті 34 минералдың 21-ін жеткізу мүмкіндігіне ие. Кейбір металдар қазірдің өзінде Еуропаға экспортталады. Ендігі міндет - шикізатты қайта өңдеуді тереңдету және ел ішінде дайын өнім шығаруды жолға қою.
Олжас Әлібеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Бізде үлкен әлеует бар, бельгиялық компаниялар тарапынан металлургия саласына қызығушылық жоғары және біздер осы мүмкіндікті бірлесіп пайдалануымыз қажет. Геологиялық барлау бағытында да жақсы жұмыс жүргізіліп келеді, сирек металдарды өңдеуде жоғары құзыреттілік қалыптасты. Жиынға MolyMet компаниясының бельгиялық кеңсесі өкілдері келді, HydroMetal мамандары да осында, олардың тәжірибесі үлкен, айталық, MolyMet – өндіріс бағытында, рений металы бойынша жұмыс жүргізе алады. Яғни, технологиялар, қажетті ғылым бір ортаға шоғырланған, біздің негізгі мақсатымыз, бірінші кезекте технологияларға қол жеткізіп, қазақстандық өнім шығару.

