Қазақстанда Солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Соңғы 20 жылда теңіздің аумағы үштен бірге ұлғайып, су деңгейі екі есе өскен. Қазір Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, оны қалпына келтірудің келесі кезеңін әзірлуде. Жоба Көкарал бөгетін жаңғыртуды көздейді. Алдағы 5-6 жылда су айдынының аумағын 4 мың шаршы шақырымға, ал су көлемін 34 миллиард текше метрге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, теңіз табанын көгалдандыру жұмыстары 1 млн гектардан астам аумақты қамтыды. Солтүстік Аралдың қалпына келуі көп жағдайда Сырдария арқылы келетін судың тұрақты көлеміне және Қазақстанның көршілес мемлекеттер мен осы бағыттағы өзара іс-қимылына байланысты.
Жандос Сәлімов , Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Трансшекаралық су мәселелері бойынша Қазақстан барлық көршілес мемлекеттер мен құқықтық базаны қалыптастыру аяқтады. Оның аясында тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіру қамтамасыз ететін екіжақты комиссиялар құрылып, жұмыс істеп келеді. Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат он жылға созылған келіссөздер процессі нәтижесінде қабылданды. Жолға қойылған су дипломатиясымен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдерінің арқасында соңғы жылдары су аз кезеңдерде Солтүстік Арал теңізіне судың тұрақты келуі қамтамсыз етіледі.
Үкімет Каспий теізін сақтау бағытындағы жұмысты да күшейтіп жатыр. Қазақстан жағалаудағы елдермен бірлесіп мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуде. Сонымен қатар, ғылыми ынтымақтастық кеңейтіліп, мониторинг жүйесі жетілдірілуде. Басты назар теңіз деңгейінің төмендеу салдарына, биоалуантүрлілікті сақтауға және ластанудың алдын алуға аударылған. БҰҰ Даму бағдарламасы және басқа да халықаралық серіктестермен бірлесіп теңіз және жағалау экожүйелерін сақтауға бағытталған жобалар кешені әзірленуде.

