Біріккен Ұлттар Ұйымының 81 жылдығына орай Астанада «Glocal (Глокал): Жаһандық мақсаттар. Адам тағдырлары» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Экспозицияда еліміздің әр өңірінен шыққан 30 азаматтың портреті мен жеке тарихы көрсетілген. Олардың қатарында биоалуантүрлілікті сақтаумен айналысатын ғалымдар, экологиялық шешімдер ұсынған жас өнертапқыштар, оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып жүрген педагогтер, медицина қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар. Олар өз еңбегімен еліміздің дамуына үлес қосып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етіп жүрген азаматтар. Экспозиция бес бағытты қамтиды. Олар: «Планета», «Өркендеу», «Адамдар», «Бейбітшілік» және «Әріптестік».
Саранго Раднарагча, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Жаһандық тұрақты даму мақсаттары туралы сөз болғанда, кейде оларды шынайы өмірден алшақ, дерексіз ұғым ретінде қабылдайтын жаңсақ пікірлер ұшырасады. Алайда 17 мақсаттың барлығы адам өмірімен тікелей байланысты. Олар - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері тәрізді аса маңызды салаларды қамтиды. Көрмеге келген әр адам ең болмағанда бір маңызды ой түйіп қайтса деймін. Біздің бағдарламамыздың игілігін көрген адамдардың тарихы жергілікті деңгейдегі күнделікті іс-әрекеттердің әлемдік маңызға ие мақсаттарға жетуге қалай ықпал ететінін көрсетеді.

