Астана жаңа бағытта дамиды. Елорданың 2035-ші жылға
дейінгі Бас жоспары бекітілді. Құжатта жаңа тұрғын аудандар, жолдар, мектептер,
ауруханалар, қоғамдық кеңістіктер мен көлік инфрақұрылымы қай жерде бой
көтеретіні айқындалған. Олардың қажеттілігі халық санының өсуіне байланысты.
Болжам бойынша, 2035 жылға қарай бас шаһарда 2 млн 300 мың адам тұрады деп
күтілуде. Шамамен 60% еңбекке қабілетті жастағы азаматтар құрамақ. Астана көшелері ірі жол хабына айналады. Мұнда
автобустан LRT-ға, электр пойызына немесе таксиге ауысуға болады. Сонымен
қатар, велосипедтер мен электр самокаттарын жалға беру орындары қарастырылмақ.
Алғашқы кезеңде қаланың әр ауданында бір-бірден 6 көлік торабы құрылады.
Гүлдана Әбіш, «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау
институтының бас маманы:
- Дамыған елдердің барлығында бұл тұжырымдама
қолданылады. Ірі шаһарлар Park and Ride, яғни, жол-көлік тораптарын дамытады. Біреулер теміржолды, енді біреулер Bus Lane,
автобустар мен таксилерді пайдаланады. Егер аталған жол тораптарын ескере
отырып, LRT жүйесін одан әрі дамытсақ, тұрғындарға бұл өте қолайлы болады. Олар
көлігін қалдырып, әрі қарай LRT-ға отырып, қала орталығына жете алады.
Айта кетейік, LRT іске қосылғаннан бері 3 млн астам
жолаушы тасымалданды. Қазір жеңіл рельсті көліктің Қосшы қаласына қарай екінші
желісі салынып жатыр. Оны келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен
қатар, тағы бір желінің бағыты бойынша геологиялық зерттеу жұмыстары басталды.
Бұл – LRT құрылысына дайындықтың алғашқы кезеңдерінің бірі. Жаңа желілердегі
көлік тораптарының нақты орналасатын жері жобалау кезеңінде анықталады. Алайда
сарапшылар қазірдің өзінде олардың маңызын атап отыр. Әлемнің ірі
мегаполистерінің тәжірибесі көрсеткендей, дәл осындай жол тораптары жаңа
аудандардың дамуына серпін береді.
Гүлдана Әбіш, «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас маманы:
- Үш негізгі айналма жолды дамыту керек, оларды толық
аяқтап, жалпы қалалық магистральдарды салуды жалғастыру қажет. Одан әрі қалаға
кіреберістерде жолаушылар ағыны жоғары жерлерде көлік-тораптарын
кезең-кезеңімен дамыту керек.

