Қазақстандық хирургтер жаңа буындағы «ақылды»
технологияларды игеруде. Жоғары технологиялық кешен - ангиографиялық жүйені
Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы қолданысқа енгізді. Жыл
басынан бері заманауи құрылғыны қолдану арқылы 800-ден астам операция жасалды.
Ол диагностикалау үшін де, хирургиялық ота жасау үшін де пайдаланады. Зерттеу
кезінде дәрігерлер нақты уақыт режимінде жүрек, бас миы және бүкіл организм
тамырларының егжей-тегжейлі бейнесін көре алады. Бұл патологияны тез анықтауға
және ота барысында жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Хирургиялық араласулардың
көпшілігі тамырдың аздаған бөлігін тесу арқылы орындалады. Мұндай тәсіл ағзаға
түсетін ауырсынуды басып, асқыну қаупін азайтады. Әрі пациенттің тез сауығып
кетуіне себепкер болмақ. Операцияның күрделілігіне қарай, кейбір емделушілер
ертесіне-ақ ауруханадан шыға алады.
Мақсат Темірқұлов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы
ауруханасының интервенциялық кардиологы:
– Осы технология пациент үшін де, емдеуші персонал үшін
де неғұрлым қауіпсіз. Жүйенің өзі өте жақсы жасалған. Бұл емдеу тәсілі осы саладағы соңғы буын, мұндағы
сәулелену мөлшері де аз. Бұрын ашық әдіспен жасалған мұндай операциялардың бір
бөлігін қазір эндоваскулярлық жолмен жүргізу мүмкіндігі пайда болды.
Айдарбек Кенжехан, пациент:
- Маған инфаркт алды жағдайы туралы диагноз қойылды. Бірден ауруханаға жатқызып, операциялық залға жөнелтті. Онда үлкен теледидар орнатылған, сол экран арқылы жүрегімнің қалай соққаны, қан айналымы, капиллярлар, күре тамырлардың жағдайы, қандай тамырларымның бітеліп қалғаны көрсетілді. Стендті қойып бергелі, ауыруым басыла қалды. Қайтадан еркін тыныс ала бастадым.

