Таяу 3 жылда Қазақстан экономикасы орта есеппен жылына 5%
-дан астам өсім көрсетеді. Үкіметте 2027-2029 жылдарға арналған
әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы таныстырылды. Осы аралықта
экономика көлемі 2027 жылғы 200 триллион теңгеден 2029 жылы 245 триллион
теңгеге дейін ұлғаюы тиіс. Негізгі түсімді мұнайдан тыс салалар қамтамасыз
етеді. Өңдеу өнеркәсібі жыл сайын орта есеппен 6% шамасында өседі.
Металлургияда, машина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, сондай-ақ
құрылыс материалдары өндірісі мен өзге де салаларда оң динамика күтілуде.
Серік Жұманғарин, Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
- Экономиканың өсу драйверінің бірі ауыл шаруашылығы
болады. Оның жыл сайынғы орташа өсімі кемінде 5% құрайды. Құрылыста өсу
қарқынының 2027 жылы 16% -дан 2029 жылы 17,3% -ға дейін өсуі болжануда. Бұған
көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту
бойынша жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және
әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді.
Үкіметте, сондай-ақ алдағы үш жылға арналған
республикалық бюджеттің шығыстары да айқындалды. 2027 жылы олар 30 трлн
теңгеден асады. 2026 жылғы жоспармен салыстырғанда шығыс көлемі 2,5 трлн
теңгеге ұлғаяды. Ең көп қаражат әлеуметтік салаға бағытталған, оған бюджеттің шамамен
35%-ы жұмсалмақ. Экономиканың нақты секторын дамытуға 3,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат ірі
инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыруға жұмсалады.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Бюджетті қалыптастырудың маңызды ерекшелігі,
шығыстардың өсуін қамтамасыз ету ғана емес, ресурстарды ең алдымен мемлекеттік
міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға
бағыттай отырып, бюджет қаражатының әрбір теңгесінен қайтарымды арттыру болды. Бұл шығыстарды қалыптастыру кезінде, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен
нәтижелілігі, әкімшілік шығындардың негізсіз ұлғаюына жол бермеу және
республикалық бюджеттің теңгерімділігін сақтау қағидаттары ескерілді.

